Тыныштықты бұзу
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы.
Тыныштықты бұзу
1. Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу–
жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет–
жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тоқсан айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы
1. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы —
заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы –
заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.